«Ел тарихы – кітап бетінде»
25 қазан Республика күніне орай университет кітапханасы қызметкерлері " Ел тарихы - кітап бетінде " атты үш бөлімнен тұратын ауқымды кітап көрмесін ұйымдастырып, библиографиялық шолу жасады.Мазмұны мен тарихи ауқымы жағынан ерекшеленген көрме оқырманды халқымыздың көне дәуірден бүгінгі тәуелсіздікке дейінгі ұзақ та тағылымды жолымен таныстырды.
Көрмедегі әр кітап – өткеннен жеткен үн, әр дерек – ел жадында сақталған шежіре. Көрмеге қойылған әдебиеттер арқылы сақтар мен ғұндар дәуірінен басталған тарих көк түркілер, Алтын Орда және Қазақ хандығы кезеңдерімен жалғасты. Қасым ханның қасқа жолы мен Есім ханның ескі жолына арналған еңбектер мемлекеттілігіміздің құқықтық және рухани негіздерін танытты.
Көрме мазмұны Алаш қайраткерлерінің азаттық идеяларын бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның тарихымен, мемлекеттік рәміздермен және Конституциямен сабақтастырды. Сонымен қатар ел болашағы саналатын жастарды білімге, отаншылдыққа және ұлттық жауапкершілікке үндейтін әдебиеттер ұсынылды.
Ұлттық құндылықтарға арналған бөлімде халық ауыз әдебиеті, жазба әдебиет, фольклор, этнография, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып туралы кітаптар қойылды. Бұл еңбектер халқымыздың рухани болмысын, дүниетанымын және ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесін кеңінен танытты.
«Ел тарихы – кітап бетінде» көрмесі көне тарих пен бүгінгі тәуелсіздікті жалғаған рухани көпірге айналып, зерделі оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар көрменің мазмұндық жүйесі мен библиографиялық шолуға жоғары баға беріп, ұсынылған әдебиеттерден мол мағлұмат және рухани әсер алғандарын жеткізді. Өткенін таныған ұрпақ қана бүгінін бағалап, болашағын нық қалыптастырады. Ел тарихын білу – ұлттық жадымызды жаңғырту, ал асыл мұрамызды келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ аманат.
Галерея